Қапшықтан табылған адам сүйегі: Екібастұз полицейлері көмек сұрады
Полиция қайтыс болған адамның жеке басын анықтап жатыр

Екібастұз полициясы полиэтилен қапшықтан табылған адамның мәйітіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ведомство өкілдері қапшықтағы сүйек қалдығының кімге тиесілі болғанын, ол адамның жеке басын анықтауда көмек көрсетуді сұрайды.
«24 сәуірде Екібастұзда еріген қар суынан кейін Қ. Нұралин көшесіндегі ескі зиратқа кіре берісте полиэтилен қапшықтан адамның мәйіті табылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Павлодар облысының ПД жеке басын анықтауға көмек көрсетуді сұрайды. Қаңқалы мәйітте: «Челси» футбол командасының эмблемасы бар Adidas фирмасының көк түсті футболкасы; Nike фирмасының эмблемасы бар қара түсті спорттық шалбар; сұр жолақтары бар қара түсті күртеше және қара түсті шұлықтары бар. Қандай да бір ақпараты бар кез келген адамды төмендегі байланыс телефондары арқылы хабарлауды сұраймыз: Екібастұз қ. ПБ кезекші бөлімі: 8 (7187) 75-06-06, 75-05-54, 75-05-45. -Қылмыстық полиция бөлімі: 8-776-269-41-28, 8-775-334-57-95. Немесе 102 телефоны бойынша. Анонимділікке кепілдік беріледі!» - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетаудағы ескі зират маңынан қапшыққа салынған адам сүйектері табылғанын хабарлаған болатынбыз.