Жеңіс саябағында кесілген ағаштардың орнына 150 ағаш отырғызылады
Облыс әкімі дауға нүкте қойды

Қарағандыда Жеңіс саябағына қатысты үлкен дауды қоғамдық кеңес мүшелері тағы талқылады. Жеңіс саябағы жанындағы жер он бес жыл бұрын сатылып кеткен. Жерді сатып алған жеке меншік иесі бұл аумақтағы ағаштарды кесіп, көп қабатты тұрғын үй салмақ болған.
Бұған дейін қарағандылықтар «билік құрылысқа саябақтан басқа жерді таппады ма» деп наразылығын білдірген. Тіпті белсенді топ өкілдері Жеңіс саябағын қорғау мақсатында әлеуметтік желіде бірігуге шақырып жатты. Жұрттың наразылығынан кейін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жағдайды тікелей бақылауға алғанын мәлімдеді. Енді дау туғызған аймаққа тұрғын үй салынбайтын болды.
«Жеңіс саябағы жанындағы құрылыс нысаны Оңтүстік Шығыс ауданындағы жерге салынатын болды. Құрылыс компаниясымен осындай келісімге келдік. Кесілген әр ағаштың орнына бес ағаштан отырғызылатын болады», - деп мәлімдеді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қоғамдық кеңесте шенеуніктер Жеңіс саябағының жанынан жер телімін сатып алған жеке кәсіпкердің көңілінен шығатын жерді тауып берудің оңай болмағанын айтты. Бұл жер телімі саябақтар басқармасының иелігіне өткізілетін болады. Енді мұнда қиылған ағаштардың орнына 150 түп жасыл желек отырғызылады.
«Бұл ағаштардың барлығын дәл сол жерге егу мүмкін болмайды, дегенмен Жеңіс саябағына бірініші кезекте ағаштар отырғызылады. Ал қалған ағаштарды қала бойынша қай жерге егеміз, ол жағы әлі белгісіз. Дегенмен нақты орындарды белгілеген кезде қосымша хабарлаймыз. Әрі қарай ағаштардың тамырын жайып өсіп кетуі үшін саябақтар басқармасы бұған күтім жасайтын болады», - дейді Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин.
Бір қызығы тура осыдан бір жыл бұрын Қарағандының орталық саябағында теннис корты салынатын болып, дау дамай туындаған еді. Сол кезде де халық қарсы шыққан соң билік райынан қайтқан болатын.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды