Оралдық кәсіпкерді пышақтап өлтіргендер ауыр жаза арқалады
Олар жәбірленушінің отбасына 15 млн теңге моральдық өтемақы төлейді
Оралдық кәсіпкерді тапа тал түсте көпшіліктің көз алдында пышақтап өлтірген жігіттердің екеуі де 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Жазасын қатаң режимдегі абақтыда өтейтін олар жәбірленушінің отбасына 15 миллион теңге моральдық өтемақы төлейді. Бірақ үкіммен сотталушылардың туыстары келіспейді. Олардың айтуынша, кәсіпкерді өлтіруге оның әйелі тапсырыс беріпті. Сондықтан» сотталушылар бұл жерде орындаушы ғана, ал істің ұйымдастырушысы тасада қалды» дейді сотталушының туысы.
«Жәбірленуші болып отырған әйелі некеде емес. Оның некелі әйелі бар. Ол жәбірленуші мәртебесін қалай алғанын түсінбейміз. Сол тапсырыс берген! «Гүлшетай» мейрамханасының артына барып, қазір мініп жүрген «Прадо» ма, сол ақ машинаның ішінде арт жағында отырып, Тұрлан телефонмен жазып отырған. Сосын берген ақшаның қайда екенін білеміз», - деді сотталушының туысы Алтын Қадырбекова.
Айта кетелік, оралдық кәсіпкер Еркін Мұқанғалиевті өз кафесінде бірнеше рет пышақтап өлтірген еді. Қылмыскерлер бірнеше күннен кейін қаладағы саяжайлардың бірінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды.