Астаналық полицейлер өрттен бес адамды құтқарып қалды
Өрт 5 наурыз күні болған
Елордада 5 наурыз күні Жүнісов көшесіндегі 300 шаршы метр аумақта жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Оқиға орнына жеткен Нұр-Сұлтан қаласы жергілікті полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің инспекторларына үйге кіру үшін терезені сындыруға тура келді. Үйге кіргеннен кейін полиция қызметкерлері адамдарды тез арада оятып, таза ауаға шығуға көмектесті», - деп жазады медиа-портал.
Содан кейін тәртіп сақшылары жедел медициналық көмек шақырған. Өрт шыққан үйден 5 адам эвакуацияланған.
«Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді», - деп жазылған хабарламада.