Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан жігіт кешірім сұрады
Шымкент тұрғыны 3 жылға сотталуы мүмкін
Шымкент қаласында короновирус туралы жалған ақпарат таратқан жігіт, оның қателігін қайталамауын сұрап видеоүндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жас жігіт полиция басқармасының қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаменті өткізген өрт - тактикалық оқу-жаттығуы кезінде «Шымкент Плаза» сауда орталығында коронавируспен ауыратын науқас анықталды деген жалған видео түсірген. Сөйтіп таспаны WhatsApp мессенджері арқылы таратқан.
«Ол «Шымкент Плаза» сауда орталығындағы дүкендердің бірінің 24 жасар жұмысшысы болып шықты. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Аталған бап үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады», - делінген полицияның хабарламасында.
Ұсталған азаматқа қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат ретінде бұлтартпау шарасы қабылданды.