$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Минут сайын мәйіт келіп жатыр»: Түркияда үлкен қабірлер пайда болды

Қаза тапқан жандардың жаназасы үздіксіз шығарылып, Құран оқылып жатыр

«Минут сайын мәйіт келіп жатыр»: Түркияда үлкен қабірлер пайда болды
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев; Фото: Марат Қалдыбаев

Түркиядағы зілзаладан қайтыс болған адамдардың саны 34 мыңнан асты. Халықаралық ұйымдар алапат апаттан құрбан болғандардың саны еселеп көбейеді деп болжап отыр. Зілзаланың зардабы ғасыр апаты деп бағаланды. Үйінділер астынан мәйіттер сәт сайын шығарылып жатыр. Қирандының астында қалған адамдарды іздеу жұмысын Azattyq Ruhy тілшісі арнайы барып көріп, жақындарын үйінді астынан күткен жандармен тілдесті.

Үш кішкентай баласынан, әйелінен қапыда көз жазып қалған адамның бірі – Әли Тузжу. Ауыр зілзала болған сәтте өзі де отбасымен бірге құлаған тоғыз қабатты үйдің астында қалған. Отбасынан түгел айырылған Әли бір аптадан астам есін жия алмай, үйіндінің жанындағы палаткада түнеп жүр.

«Әйелімнің жаназасына қатыса алмадым. Мені 12 сағаттан соң үйіндінің астынан шығарып алды. Ауруханада бір күн жатып шықтым. Келсем әйелімді жерлеп тастапты. Балаларымның ең кішісі алты айлық еді, екі қыз, бір ұлымнан айырылдым. Балаларымның жазанасына қатыстым. Біздің үйде 150-ден астам тұрғын болған. Олардың қаншауы тірі қалғанын ешкім білмейді. Біз алтыншы қабатта тұрдық. Түнгі сағат төртте жер сілкінісінен ояндық та, бетонның астында қалдық», - деді Әли.

Мәйіттерді іздеу жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Жақынының тірі екенінен үміт уақыт өткен сайын үзіліп барады, десе де үйсіз қалған жандар үйінділерді айналсоқтап, сол маңда түнеп жүр. Жергілікті тұрғындар әбден шаршаған, қажыған, он күннен бері жуынбаған. Жолдың бойында түнеп жүр, іздеу-құтқару жұмысымен айналысып жатқан техниканың күрегін аңдумен күн өткізіп жатыр.

«Маңайымыз гүрілдеп зәреміз қалмады, немерелерімді құшақтап тұрдым. Үйіміз құлап қалды, мен тірі қалдым. Келінім де, күнде сүйіп, мейірлене иіскеп жүрген немерелерім де жоқ болды. Зұлмат болды. Балапандарым өлді. Жап-жас келінім бар еді, одан да айырылдым. Ешнәрсені түсініп үлгермедік. Он күн болды, далада жылаумен отырмын», - деді Айша Туджа есімді зейнеткер көз жасын сүртіп.

Кахраманмараш пен оның айналасындағы қалаларда қираған құрылыстан көз сүрінеді. Қай жерге барсаң да құтқару, құрылысты қазу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қаланың астаң-кестеңі шыққан. Халық сырттан қарағанда қаңғыбастың кейпіне еніп, әбден қалжырап қалған. Жұрт әрі ашулы, әрі тағдырына назалы, билікке ренжулі. Көше толған панасыз қалған жандар.

«Құрылыс, үйлер сапасыз салынған. Арматура жіп-жіңішке, тіпті жоқтың қасы. Үйлердің тіреуішін, монолитін, қабырғасын да сапасыз жасаған. Мұндай жіңішке арматуралар биік, ауыр құрылысты ұстап тұруға жай уақытта да қауіпті. Жақындарым өлді. Туысын, баласын, жақындарын жоғалтпаған адам аз. Міне тағы бір баланың мәйітін тапты. Осы шағын ауданда үйіндінің астында қалған жүзден астам адам құтқарылды. 150 адамның денесі табылды. Әлі 1500 адам жоқ,  табылмай жатыр. Бұл тек біз тұрған аумақта жоғалған адамдар ғана», - деді Кахраманмараш қаласының тұрғыны Фати Сафсен.

Қаланың айналасында үш қабір бар. Қаза тапқан жандардың жаназасы үздіксіз шығарылып, Құран оқылып жатыр. Қабірге минут сайын мәйіт тасыған арнайы көліктер ағылып келіп жатыр. Аумақтың айналасы мәйіт орайтын кебін мен табытқа толы. Жазықсыз, қапыда қаза тапқан жас қабірлердің көптігіне көз жетпейді. Жерленген жандардың қабіріне тек нөмірлер қойылған. Ұзыннан ұзақ траншея қазылып, мәйіттерді жумастан кебіндеп, жерлеп жатыр. Жерленген адамдардың кейбірінде аты-жөндері де жоқ, тек нөмірлер қойылған.

«Тәулік бойы ыстық тамақ пісіріп, таратамыз. Қабірстанға бірнеше күнде мыңдаған адамның мүрдесі жеткізілді, әлі де тоқтаусыз әкеліп жатыр. Балаларды, әйелдерді бір жаққа, ерлерді қабірдің екінші басына жерлеп жатыр. Қалың шатыр тігілген. Мәйіт жуылмайды, зілзаладан өлгендіктен шаһид саналады, тек денені кебіндеп көме береді», - деді қабір басында ас-су дайындап жүрген Махмуд Юсуп.

Айта кетейік, Түркияға Қазақстан тарапынан белсенді түрде көмек көрсетіліп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған еді. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары