$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2020, 18:11
Оқиғалар

Германияда көңіл көтерген магистранттар Сот төрелігі академиясы басшылығын сотқа берді

Оқудан шығарылған академия магистранттары бюджетке қанша көлемде өтемақы қайтаратыны әлі белгісіз

Германияда көңіл көтерген магистранттар Сот төрелігі академиясы басшылығын сотқа берді
скриншот: ktk.kz

Azattyq Rýhy порталының сауалына жауап берген Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясы 6 магистранттың оларды сотқа бергенін хабарлады. Қазір бұл іс сот қарауында. Оқу орнын сотқа берген бұрынғы магистранттардың бірі – Аян Ескеннің хабарлауынша, олар сотқа екі мәселе бойынша жүгінген.

«Біріншісі – академияға өтемақы қайтармау, екіншісі – оқуымызды қалпына келтіру. Талап арызды Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының азаматтық істер жөніндегі сотына 18 ақпан күні жаздық. Сот арызды қарап жатыр», - деп хабарлады Azattyq Rýhy тілшісіне Аян Ескен.

Академия басшылығы әрбір магистранттың мемлекетке өтелетін бюджеттік шығындарының көлемі уәкілетті органмен (Жоғарғы сотпен – авт.) келісіліп жатқанын алға тартып, нақты соманы атаған жоқ.  Сонымен қатар, академия басшылығы магистранттардың ешқайсысына жеңілдік жасалмайтынын айтты.

«Олардың материалдық жағдайларына байланысты қаражатты өтеу бойынша кесте жасалады. Академия республикалық мемлекеттік мекеме болып табылғандықтан, магистранттардан қайтқан қаражат бюджетке қайтарылады. Бюджеттік қаражатты қайтару бойынша түрлі категориядағы азаматтарға жеңілдік жасау заңнамамен көзделмеген. Қазіргі уақытта алты магистрант (Утепбаева Г.М., Ескен А.Ы., Жолдасбаев А.К., Басканбаева Д.Б., Кенжебаев А.О., Джумагулова А.Б.) наразылық білдіріп, сотқа жүгінген. Іс сот қарауында. Бюджеттік шығынның көлемі әрбір магистрантқа жеке хабарланады», - делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, 2020 жылдың 14 қаңтарында әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары туралы бейнежазба пайда болды. Бейнежазбада шетелдік тәжірибеден өту үшін Германия мемлекетіне барған Академияның оншақты магистранты ішімдік ішіп, мемлекеттік қызметшіге сай емес әрекет жасады деп хабарланған болатын. Кейін Сот төрелігі академиясының басшылығы әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты жазылған/айтылған пікірлердің көбі негатив сипатқа ие екенін алға тартып, сегіз магистрантты оқудан шығарды, тағы бірнешеуіне сөгіс жариялады.

Оқу орнының ректоры Зәуреш Баймолдина Azattyq Rýhy тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып, бейнежазбаға түсіп қалған азаматтардың алды 39 жаста екенін айтқан еді.

«Біздің академияға магистратураға оқуға түсу үшін магистранттардың мемлекеттік органдарда кемінде үш жыл тәжірибесі болуы шарт. Ол азаматтық қызмет немесе құқық қорғау органдарындағы қызмет болуы мүмкін, бірақ ең бастысы мемлекеттік қызмет болуы керек. Бұйрықпен оқудан шыққан және оқу мерзіміндегі шығынды қайтаруға міндеттілген магистранттардың жұмыс өтілі бар азаматтар. Олардың арасында жұмыс істеген жылы ең аза магистрант 3 жыл сегіз ай, ал жұмыс өтілі ең көп адамның артында 14 жылдан астам уақыт жатыр. Олардың жасы 27-39 жас аралығында. Бәрі ересек адамдар», - деген еді Баймолдина.

Зәуреш Баймолдинаның хабарлауынша, магистраттардың шәкіртақысы олардың жалақысына тең болған. Яғни, магистраттар бір жарым жыл бойы шәкіртақы түрінде алып отырған жалақыларымен қоса, Германияға кеткен шығынды қоса қайтаруға міндеттеліп отыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары