Алматы облысында қыс басталғалы 6 адам суға батып көз жұмған
Оның үшеуі мұзға батқан көліктің ішінде болған

Алматы облысында қыс басталғалы 6 адам суға батып қайтыс болған. Оның үшеуі мұзға батқан көліктің ішінде болған. Алматы облыстық ТЖД мәліметінше, оқыс оқиға Алакөл, Қапшағай көлдерінде болған.
«ТЖД қызметкерлері Қапшағай су қоймасында профилактикалық жұмыс кезінде мұзда жеке автокөлігі бар әуесқой балықшыларға сақтық және қауіпсіздік шараларын таныстырған.
Алайда, департамент қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан, Мерседес спринтер маркалы көлік мұз астына түсіп кетті. Құтқарушылар жүргізушіні аман алып қалды», - деді ТЖД баспасөз қызметі.
31 қаңтарда Қапшағай су қоймасында Субару маркалы автокөлік мұз астына түсіп кетті. Бұл жолы да адам шығыны болған жоқ. Аталған автокөлік иелеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.
Мамандар су айдынында жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында автокөлікпен мұзға шықпау керектігін ескертеді.