$ 518.53  588.17  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.01.2023, 10:31
Оқиғалар

Ақтөбе облысында газ жарылып, төрт адам ауруханаға жеткізілді

Апаттан үйдің төбесі ортасына түсіп, қабырғасы қирап қалған

Ақтөбе облысында газ жарылып, төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Апаттан үйдің төбесі ортасына түсіп, қабырғасы қираған. Оқыс оқиға алдында  үй иелері қонақ күтіп алуға қамданып жүрген екен.

«Есікті ашып шығып келе жатқаным сол еді, гүрс етіп құлағанда, мені кейін қарай ысырып жіберді. Қайта аштым да, атып шығып, мына жағынан барып қызымды алып шықтым», - дейді Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Ербол Шәкиев.

Оқиға Маржанбұлақ ауылында болған. Баспананың сау-тамтығы қалмаған. Опырылып ортасына түскен төбе мен қираған қабырғалар бар дүние-мүлікті басып қалыпты.

Жарылыстан үйдегі төрт адам оңбай күйіп қалған. Арасында мектеп жасындағы оқушы қыз да бар.

Мамандар газ жарылғанын айтады. Бірақ құбырдың қай жерінен ақау кеткені немесе үйдің қай бөлігіне газ жиналғаны әлі тексеріліп жатыр. Дәрігерлер жарақат алғандардың жағдайы жақсы дейді.

«17 жастағы қыз термиялық күйік диагнозымен Ана және бала орталығына хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Қалған үш адам көпсалалы облыстық ауруханаға жатқызылды. Термиялық күйік 1,2 дәрежелі, ағза 10 пайыз зақымданған. Зардап шеккендердің жағдайы қазір тұрақты», - деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Серіктес жаңалықтары