Ақтөбе облысында 45 тәжікстандық отырған автобус аударылып қалды
Көктайғақ салдарынан автобус жол қапталына шығып кеткен
26 ақпан күні сағат 20:00 шамасында Қарабұтақ ауылынан 20 км қашықта көктайғақ салдарынан жол қапталына шығып кеткен автобус аударылып қалды, деп жазады Diapazon.kz басылымы.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, автобус Шымкенттен шығып, Екатеринбургке бағыт алған. Көлік ішінде 48 адам болған, олардың үшеуі қазақстандық жүргізушілер болса, 45-і Тәжікстаннан шыққан жолаушылар екен.
Жол-көлік апатынан зардап шеккендер жоқ. Патрульдік полиция мен ТЖД қызметкерлерінің күш салуымен жолаушылар кемпингке жеткізілді.
Ақтөбе облыстық ПД өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді, сонымен қатар, елдімекеннен жолға шығар алдында жол-ауа райы жағдайларын ескеру керек екенін еске салады.