СҚО-да нәрестенің өлі денесі табылды, күдікті – туған анасы
28 жастағы әйел ауруханаға жатқызылды
Солүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Обуховка ауылында нәрестенің жансыз денесі табылды. Сәбидің өліміне күдікті анасы аудандық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тайынша аудандық полиция бөліміне сәбидің өлі денесі табылғандығы жөнінде ақпарат түскен. Полиэтелен пакетке салынған кішкентай қыздың мүрдесі ауылдағы қоралардың бірінің сыртына жасырылған. Мамандардың айтуынша сәбидің денесіндегі жарақаттарға қарағанда, ол адам қолынан көз жұмуы мүмкін.
«Қылмыстық кодекстің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» бойынша іс қозғалды. Күдікті 28 жастағы әйел. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды. Кісі өлімінің себебін анықтау мақсатында мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді», - делінген хабарламада.
Обуховка ауылының 28 жастағы тұрғыны о бастан екіқабат екенін жақындарынан жасырып келген. Кейін үйінде өзі босанып, сәбиіне қол жұмсап, оның денесін үй ауласындағы қоралардың біріне көміп тастапты.
Алайда өзін жайсыз сезінген келіншек, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Аудандық аурахана дәрігерлері келіншектің жас босанған ана екенін біліп, бірден полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары пакетке салынған шақалақты көмілген жерінен тапты. Сәбидің денесінде күш көрсету белгілері болған. Осы оқиғаға ибайланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Аталған фактіні тексеру үшін полиция бөліміне және аудандық прокуратура басшылығы барды. Оқиға орнын тексеру барысында қора сыртынан зорлап өлтірген белгісімен жаңа туған баланың денесі оралған пакеттен табылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 100 бабы бойынша, яғни жаңа туған баланы анасының өлтіруі бойынша тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - деді СҚО Полиция департаментінің бас маманы Сән Жұмағазина.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО