Петропавл тұрғыны полицияға сирек кездесетін мылтық тапсырды
Қала тұрғыны оны көлікжайынан тауып алған
Петропавл қаласының Полиция басқармасына 58 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол пайдаланылмайтын көлікжайын қоқыс пен үйінділерден тазартып жүріп қос ұңғылы мылтық салынған қапшық тауып алғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ер адам аңшы әрі ресми түрде қару-жарақ ұстауға рұқсаты бар болғандықтан заңсыз сақталған қару үшін қарастырылған жауапкершілікті жақсы білген, сондықтан табылған қару туралы бірден полицияға хабарлаған.
Ерікті түрде тапсырылған мылтық зерттеуге жіберілді. СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері оның оқ атуға жарамды атыс қаруы екенін растады. Бір қызығы, бұл мылтық бельгиялық «Bayard» фирмасының сирек кездесетін аңшы қаруы болып шықты. Мылтыққа ойылып жазылған белгілерін тексергеннен кейін криминалистер ол 1893-1898 жылдар аралығында шығарылған деген болжамға келді. Келешекте мылтық облыстық полиция департаментінің музейіне тапсырылмақ.
«Азаматтар тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсырған жағдайда ғана қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Өткен жылы облыс аумағында заңсыз айналымнан 128 бірлік тіркелмеген атыс қаруы алынды, оның 17-і Петропавлда», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.