7 адам уланып қайтыс болды: Ертіс ауылында болған оқиғаға қатысты сот үкімі шықты
Қайғылы оқиға өткен жылдың мамыр айында болған
Павлодар облысы Ертіс ауылында 7 адамның уланып қайтыс болуына байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ертіс аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 6 желтоқсан күні жеті адамның абайсыздан қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық ісі қаралды.
2022 жылдың 26-27 мамыры аралығында Павлодар облысы Ертіс ауылының тұрғыны бес досына метил спиртін тегін берген. Метанолды абайсызда қолдану нәтижесінде жеті адам қайтыс болды.
Сотталушының кінәсі өзінің және жәбірленушілердің сөзінен, сондай ақ, құжаттармен дәлелденді.
"Прокурор 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер соттың шешіміне сүйенді.
Сотталушы мен оның қорғаушысы бас бостандығынан айырмауды сұрады", - деді сотта.
Сотта қылмыскердің айыбы абайсыз қылмыстарға жататынын және ол үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын айтты.
Жеңілдететін мән-жайлардың болуына және ауырлататын жағдайлардың болмауына байланысты оған ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, 26 мамырда Ертіс ауылының тұрғындары белгісіз сұйықтықты тұтынып, салдарынан келесі күндері жеті адам қайтыс болған. Қаза болған адамдар ішкен белгісіз сұйықтық шаруа қожалығынан ұрлап әкелінген.