Беларусь компаниясы Павлодар қаласының трамвай басқармасына $609 мың төлейді
Шетелдік компания трамвайларды уақтында жеткізбеген
БІР ТРАМВАЙ ҚҰНЫ 109 МЛН ТЕҢГЕ
Бүгінгі таңда, елімізде Өскемен және Павлодар қалаларында ғана трамвай байланысы бар. Павлодардағы қоғамдық көлік 20 бағыт бойынша қатынап, күніне шамамен 45 мың жолаушыны тасымалдайды. Бірақ, вагондардың басым бөлігі тозып, тұрғындарға қолайсыздық тудыра бастады. Осыны ескерген компания басшылығы 2017 жылы жаңғырту бойынша ауқымды жобаны қолға алған, деп хабарлайды Kursiv.kz
Трамвайларды жаңартуға қатысты жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырды. Банк бөлген 2,7 млрд теңгеге Беларусьтің «Белкоммунмаш» АҚ-нан 23 вагон сатып алу шешілді. Бір трамвайдың құны – 109 млн теңге. Бірақ, шетелдік кәсіпорын вагондарды жеткізу мерзімін қайта-қайта кейінге шегеріп, трамвайлар екі жылда әрең жеткізілген.
«Жаңа трамвайдың алғашқы легі 2017 жылдың қазан айында жеткізіледі деп жоспарланғанмен, сол жылдың желтоқсанында жалғыз вагон келді. Тағы тоғыз вагон 2018 жылдың басында көлік паркін толықтырды. «Қалған 13 трамвайды 2018 жылдың шілде айына дейін әкелеміз» деген кәсіпорын уәдесінде тұрмады. Тек 2019 жылы мамырда 4, маусым, шілде, қыркүйек айларында 2, тамызда 3 трамвай жеткізілді»,- деп жазады басылым.
БЕЛАРУСЬ ТАРАПЫНЫҢ УӘЖІ
Осылайша беларусьтар келісімшартта көрсетілген 23 вагонды әрең дегенде жеткізіп берді. Компания мұндай жағдайға неліктен тап болғандарын түсіндіруге тырысқан.
«Аукционда көрсетілген техникалық тапсырысқа сәйкес, трамвай вагондарын құрастыру кезінде тек бір өндіруші – «Псковск электр-көлік құрылысы зауыты» АҚ шығаратын қозғалтқыштар қолданылуы тиіс. Бұл зауыт қазіргі уақытта әскери өндіріс пен ресейлік көлік шығарушылардың тапсырыстарын орындауда. Қозғалтқыштардың уақытылы жеткізілмеуі салдарынан трамвай вагондарын Павлодарға жөнелту мүмкін болмай тұр»,- деп жауап қатқан «Белкоммунмаш» АҚ.
ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРМА ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯНЫ СОТҚА БЕРДІ
«Белкоммунмаш» АҚ түрлі себепті сылтауратып, трамвайларды белгіленген мерзімде жеткізбегендіктен, Трамвай басқармасы шетелдік кәсіпорынды сотқа берді.
«Белкоммунмаш» өз кінәларын мойындап, біз сотта жеңдік. Сот шешімі бойынша холдинг 609 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттелді. Бірақ беларусь тарабы бұл соманы бөліп төлемек ниетте. Ал біз келтірілген шығынды осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін төлеуді сұраймыз», - дейді Трамвай басқармасының төрағасы Мүслім Махмұдов.
Себебі жергілікті компания тағы да жаңа вагондар сатып алмақ. Алайда бұл жолы ресейлік кәсіпорынмен келісімшарт жасауды жоспарлап отыр.
«Алдымен ақшамызды қайтарып алсақ дейміз. Кейін жаңа вагондарды ұсынатын компанияларды қарастырамыз. Беларусь елінің кәсіпорны жыл соңына дейін немесе келесі жылы трамвайларды жеткізуге әзір екендіктерін білдірді. Шыны керек, мұндай ұсыныс біздің көңілімізден шықпады. Сондықтан Ресейдің Усть-Катав қаласындағы компаниядан сатып алмақ ойымыз бар», - дейді Мүслім Махмұдов.
Айта кетелік, бүгінде павлодарлық трамвай паркінде барлығы 111 вагон бар. Оның 30-ы –жаңа. Яғни, 23 трамвай Беларусьтан, жетеуі Ресейден сатып алынған.