Жұртты алдап соққан ломбардтар заңсыз жұмыс істеген
Агенттік адамдар өз әрекеті үшін жауапты екенін еске салады

ҚР «Микроқаржы қызметі туралы» заңына сәйкес ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредиттер беру жөніндегі қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы қызметіне жатқызылған.
«Бұл ретте өз қызметін жүзеге асыру үшін ломбардтар 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінде тіркеуден өтуі қажет. Одан кейін агенттік осы ұйымдардың қызметін реттеуді жүзеге асырады. Қазіргі таңда бірде-бір ломбард иесі тіркеуден өту үшін тиісті ведомствоға жүгінбеген. Сәйкесінше, микроқаржы ұйымдарының тізімінде де жоқ», делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Агенттік тұрғындарға тіркеуден өтпеген ломбардтардың қызметінен бас тартуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізімімен агенттіктің ресми сайтында танысуға болатынын айтады. Сайт мекен-жайы - www.finreg.kz.
«Осыған ұқсас компаниялармен келісім-шарт жасасқан азаматтар барлық ықтимал тәуекелдерді өз бетінше бағалауы және өз іс-әрекеттері үшін жауапты болуы тиіс екеніне назар аударамыз», - деп ескерту жасайды Агенттік.
Ломбардтардың қызметі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Агенттікке мына мекенжай бойынша: Алматы қ., Көктем-3, 21 үй, сондай-ақ Агенттіктің аймақтық өкілдерінің басқармаларына (Агенттіктің сайтында көрсетілген мекенжайлар бойынша) хабарласулары қажет.