ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

«Гарант-24» ломбарды: Тараз, Қарағанды және Павлодар бөлімшелерінің басшылары ұсталды

Қазіргі уақытта ломбард әрекетінен зардап шеккендердің нақты саны мен материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр

Фото: diapazon.kz

«Гарант-24» ломбардының Тараз, Қарағанды және Павлодар филиалдарының басшылары ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі аймақтық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық ПД «Гарант-24 Ломбард» ЖШС салымшылары өз қаржысы мен дүние-мүліктерін ломбардқа салып алданып қалғаны туралы шағым түсіргенін мәлімдеді.  

Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігі бойынша (қаржылық-инвестициялық пирамида құру және оған басшылық ету) қаржылық пирамиданы құру дерегімен қылмыстық істі тергеу үстінде.

«Бүгін «Гарант-24 Ломбард» ЖШС Тараз филиалының директоры ұсталды, қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер мен істің барысы тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.   

ПД баспасөз қызметі қазіргі уақытта ломбард әрекетінен зардап шеккендердің нақты саны мен келтірілген материалдық шығын көлемі есептеліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-нің Қарағанды бөлімшесінің директоры да ұсталған. Полицияға 36 қарағандылықтан арыз түскендіктен, қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімі бойынша (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тергеу органдары аталмыш кәсіпорынның 38 жастағы аймақтық директорының жеке тұлғасын анықтап, қамауға алды», – деп хабарлайды Қарағанды қалалық ПД баспасөз қызметі.

Павлодар қаласында да салымшылардың шағымы бойынша аталмыш кәсіпорынның филиал басшысы ұсталғаны мәлім болды.

«Қазіргі уақытта өз салымдарын ала алмаған салымшылардың ұжымдық шағымы бойынша ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімі бойынша «Аса ірі көлемде алаяқтық жасауға» қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-нің Павлодар аймақтық директоры ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды», - делінген Павлодар қалалық  ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салсақ, бұдан бұрын салымшылар шағымы бойынша «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-нің Қызылорда және Атырау қалаларындағы филиал басшыларының қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.