$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Семейде ЖЭО-да болған түнгі өрттен кейін тұрғындар салқын пәтерде тоңып отыр

Қала әкімдігі қалпына келтіру жұмысы жүріп жатқанын айтты

Семейде ЖЭО-да болған түнгі өрттен кейін тұрғындар салқын пәтерде тоңып отыр

Семей қаласындағы Жыл электр орталығындағы түнгі өрттен кейін пәтерлер жылымай, тұрғындар аязда тоңып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін түнгі сағат 00.30 шамасында ЖЭО-1 отынмен қамтамасыз ету жүйесінің 1-конвейерінде өрт шығып, соның салдарынан мазут нысандарына қуат беретін фидерлер істен шығқты. Осы оқиға қазандықтағы жүктеменің азайып, жүйедегі жылу температурасының төмендеуіне әкеп соққан. Алайда әкімдік қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын айтып, қала тұрғындарынан қазіргі келеңсіздіктер үшін кешірім сұрады», - делінген AbaiNewsKZ Телеграм-каналы таратқан ақпаратта.

Қала билігінің айтуынша, «қазандықтар жұмыс істеп тұр, бірақ бункерлерге сұйық отын қолмен құйылып жатқандықтан, жылу деңгейі азайып кеткен».

«Қазандықтардың қалыпты жұмысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында 40 адамнан тұратын «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері, «ОЭСК» АҚ-ның бес адамнан тұратын бригадасы, сондай-ақ басқа да қызметтер жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Айта кетерлігі, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Шығыс Қазақстан облысындағы тозығы жеткен жылу желілеріне қатысты кезекті рет пікір білдірген болатын.   

«Шындығында, қарашаның соңы мен желтоқсанның басында бізде ауа райы қатты аязды болды. Бірақ семейліктер, жергілікті тұрғындар аязды ауа райына үйреніп қалған. Үйлердегі температура туралы айтар болсақ, иә, кейбір үйде температура кестесі сақталмай отыр, бізде мұндай мәселелер бар, жағдайды көріп отырсыздар. Біздегі жылу желілерінің 63,8%-ы тозған, қуаттылығы аз жылу көздері. Дегенмен, жаңа жылу электр орталығы салынғанша амалдай тұруға тура келеді, ал ол тек 2026 жылы салынады. Қазіргі уақытта жылу көздері қалыпты жұмыс істеп тұр, бірақ күн сайын бір қиындық туындап жатады», - деген еді Н. Ұранхаев.

Серіктес жаңалықтары