Тайландта миналанған көлік жарылып, полицей қаза тапты
Тағы 29 адам жарақат алды
Тайландтың оңтүстігіндегі полиция бөлімшесінің жанында миналанған көлік жарылып, бір адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл - миналанған көлік. Біз әлі де аумақты тазалап жатырмыз, жараланғандар саны артуы мүмкін», — деді Наративат провинциясының полиция комиссарының орынбасары Нити Суксан.
Ол полиция қызметкерінің қайтыс болғанын айтты.
Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында полицей де, азаматтар да бар.
Таиланд үкіметі ондаған жылдар бойы елдің оңтүстігіндегі провинциялардағы көтерілісшілермен күресіп келе жатыр. Көлеңкелі топтар негізінен мұсылман Паттани, Яла, Наративат провинцияларының және Сонгхланың кейбір бөліктерінің тәуелсіздігін қалайды. БАҚ-тың хабарлауынша, тамыз айында Таиландтың оңтүстігінде кем дегенде 17 жарылыс болған.