Халық өрт сөндіруші Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды
20 қараша күні ол қызметтік борышын орындау кезінде алған ауыр жарақатынан қайтыс болды

Бүгін Көкшетау жұртшылығы өрт сөндіруші Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның денесі Ақмола облысындағы Біржан сал ауданы Үміт ауылында жер қойнауына тапсырылды. Бейбіт күннің батырымен қоштасуғаа жиналған халық Науан Хазірет мешітінің алаңына сыймай кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
МАРҚҰМНЫҢ СОҢЫНДА ЖҰБАЙЫ МЕН ЕКІ БАЛАСЫ ҚАЛДЫ
Марқұмның соңында жұбайы мен екі баласы қалды. Асқар Забикулин көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Алайда жоғары мемлекеттік награданы қолына алып үлгермеді. Дәрігерлер оның өкпесі пен өңешінің қатты күйіп қалғанын айтқан болатын.
«Асқар Серікұлы қызметтік борышын атқару барысында бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Оның ішінде 10 жасар бала бар еді. Өзі ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Ажалмен бірнеше күн арпалысып, бақиға аттанып кете барды. Ержүрек өрт сөндірушінің есімін халық жадында мәңгі сақтау мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Зибикулиннің есімі берілетін болды. Сонымен қатар бюсті орнатылады. Асқардың қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Бұл фәниде көрмеген жақсылығын ұрпағына көруге нәсіп етсін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов.
Марқұмның жаназасы Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет мешітінде шығарылды. Оны ақтық сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды. Асқар Забикулиннің жасы небәрі 28-де еді.
«Асқар Серікұлы адал қызмет етудің ғажайып үлгісін көрсеткен азамат. Ол бірнеше кісінің өмірін аман сақтап қалды. Асқар бауырымыздың ата-анасы мен туған-туыс, бауырларына, достары мен әріптестеріне министрдің атынан көңіл айтамын. Иманы саламат болсын! Ол 2011 жылы құтқарушылар дайындатын оқу орнына түсіп, 2015 жылы аяқтады. Одан кейін Астана қаласындағы Төтенше жағдай департаментінде өрт сөндіру бөліміне қызметке қабылданды. Бастықтың орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін өрт сөндіру басқармасының кезекшілік бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Спортқа, өмірге, жұмысқа деген қабілеті аса жоғары азамат болды. Оны жанында жүрген әріптестері де растайды. Өз өмірін қатерге тігіп, 5 адамды құтқарып қалу – үлкен ерлік. Оның отбасын қолдап, баспана беріліп, мемлекеттік наградамен марапатталып жатқаны бізге деген құрметтің белгісі. Еліміз тыныш болсын, өрт болмасын!», - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің Комитет төрағасы Нұрболат Дербісов.
Естеріңізге сала кетсек, 16 қараша күні Астана қаласы ТЖ қызметіне Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 14-ші үйдегі пәтер өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар шақырту бойынша жеткенде тұрғын үйдің он бірінші қабатындағы пәтер жанып жатқан.
Өрт сөндірушілер жағдайды бағалап, дереу құтқару операциясын жүргізуге кіріскен. Көк түтіннен тұншыққан іштегі адамдар балконға шығып, көмек сұраған. Асқар Забикулин тұрғындарды құтқару үшін жауынгерлік киімін шешіп, жанып жатқан пәтерге кіруге мәжбүр болған. Салдарынан денесінің көп бөлігін жалын шарпып өткен. Осы уақытта Аян Кемпіров есікті бұзып кіріп, Асқармен бірге 80 жастағы әйел мен 22 жастағы қызды құтқарды.
Жанып жатқан пәтерден шығарылған екі әйел көрші пәтерде бала қалғанын айтқан. Асқар кідірместен іштен он жасар баланы алып шықты. Сол күні өрт сөндірушілер бес адамды құтқарды, оның екеуі бала. Он адам эвакуацияланды.
Аян Кемпіров ауруханада емделіп жатыр.
Асқар Забикулин – азаматтық қорғау капитаны.
1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында дүниеге келген. Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын бітірген.
Еңбек жолын «Қараөткел» ПЧ-9 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы болып бастаған.
2021 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі кезекшісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Аян Кемпіров – азаматтық қорғау аға сержанты.
1988 жылы 5 мамырда Қостанай қаласында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық колледжін білгір механик мамандығы бойынша бітірген.
Ол 2021 жылы төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі 10 өрт сөндіру бөлімінің командирі лауазымына тағайындалды.
16 қарашада елордалық өрт сөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды құтқарды. Кейін төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, өртті сөндіру кезінде өздерін күйік шалған.
20 қараша күні Асқар қызметтік борышын орындау кезінде алған ауыр жарақатынан қайтыс болды.
Azattyq Ruhy редакциясы Асқар Забикулиннің отбасы мен жақындарына көңіл айтады.