Атырау облысында балабақшаны ойрандап кеткен оқушылардың ата-анасы жазаланды
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты Құлсары қаласындағы балабақшаны қиратқан мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-аналар балалардың кінәсін мойындап, ең төменгі айыппұл тағайындауды сұраған.
«Кінәні мойындаған кезде сот әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға азайтуға құқылы. Сот құқықбұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын, олардың құқықбұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескере отырып, оларға 21 441 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Кейіннен балабақша әкімшілігі сот арқылы немесе ерікті түрде келтірілген материалдық залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Еске салсақ, аталған оқиға қазан айының басында болған еді. Әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекемеге жасалған шабуыл салдары туралы видео тараған болатын. Жылыой ауданының полицейлері 6-7-сыныптың алты оқушысының жергілікті балабақшаға кіргенін, есіктің әйнегін сындырып, гүлдерді, жиһаздарды, ойыншықтарды шашып, өрт сөндіргіштерді шашқанын анықтады. Нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналары «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін» (ӘҚБтК-нің 127-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.