Ақтөбедегі жантүршігерлік қылмысқа қатысты тың деректер анықталды
Екі адамды айуандықпен өлтірді деген 9 күдікті қолға түсті
Ақтөбе қаласында екі азаматты айуандықпен өлтірді деген күдікке ілінгендердің барлығы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұған дейін аса ауыр қылмыс жасады деген 3 күдіктіні ұсталған.
«Облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан елді мекендердің бірінде тағы 6 күдікті ұсталды. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде пайда болған ақпаратта қазақстандықтардың жағасын ұстатқан жантүршігерлік қылмыстың видеосы жарияланған еді. Қаза тапқандардың Темір ауданының тұрғындары Амандық Күшкімбаев пен Серік Төлеуов екені анықталды.
Kozachkovv Telegram-арнасында жарияланған деректерге сүйенсе, Күшкімбаевтың артында әйелі мен кәмелетке толмаған қызы қалды. Оның бұрын үш рет сотталғаны, соңғы рет нақты мерзімге – Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.
Төлеуов те бұрын сотты болған. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша 3 жыл 9 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Тақырыпқа орай: Ақтөбеде өзен жағасынан айуандықпен өлтірілген екі адамның денесі табылды
Еске салсақ, 26 қазан күні сағат 20:14-те Ақтөбе қалалық ІІБ-нің 102 пультіне белгісіз біреу қоңырау шалып, Елек өзенінің жағасындағы «Оазис» монша кешеніне қарама-қарсы жерден екі мәйіттің табылғанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен жедел уәкілдер аталған мекенжайдағы бұталардың арасынан екі ер адамның мәйітін тапты.
Қазіргі кезде полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.