Ақтөбеде өзен жағасынан айуандықпен өлтірілген екі адамның денесі табылды
Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмысы жүріп жатыр
Ақтөбеде Елек өзенінің жағасынан айуандықпен өлтірілген екі адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтөбе облыстық прокурорының көмекшісі Өркен Ещановтың айтуынша, 26 қазанда сағат 20:14-те «102» нөміріне Елек өзені жағасынан, К. Нокин даңғылының бойындағы «Оазис» монша кешеніне қарама-қарсы жерде екі мәйіттің жатқаны туралы хабарланған.
«Оқиға орнына жеткен облыс прокуроры мен тергеу-жедел тобы көрсетілген мекенжайдағы бұталардың арасынан 1991 жылы туған А. Көшкімбаевтың және 1995 жылы туған С. Төлеуовтің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіттерін тапты», - деді Өркен Ещанов.
Аталған дерек Ақтөбе қаласы Алматы ауданының №3 қалалық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру немесе өлтіру» бойынша тіркелді.
Аталған бапта көзделген қылмыс үшін мал-мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.