Жетісу облысында адам өлтіріп қашып кеткен ер адам қолға түсті
Ол Талдықорғандағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды
Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген ер адам Жетісу облысында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескелді ауданының полицейлері ауылдасының өліміне қатысы бар деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған, іздеуде жүрген 43 жастағы ер адамды ұстады. Ұсталған азамат аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
«16 қыркүйек күні Алдабергенов ауылында екі жергілікті тұрғын арасында жанжал болған. Соның салдарынан басынан ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің күш салғанына қарамастан қайтыс болды», - делінген ақпаратта,
Күдікті жасырынып, көп ұзамай мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Белгілі болғандай, ер адам бұрын ауыр қылмыстар үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемелерінде өтеген.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды. Арнайы жасақ жауынгерлерін тарта отырып, күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды», – деп хабарлады Ескелді ауданының полиция бөлімі.
Іс ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігіне (Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес жүргізіліп жатыр.