Ауғанстан азаматтарына заңсыз құжат жасап, шекарадан өткізбек болған шетелдік ұсталды
Күдікті 1,5 мың АҚШ долларын алу кезінде қолға түсті

Шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын заңсыз беруді ұйымдастырып келген арна анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің хабарлауынша, 2022 жылғы 13 қазанда ведомство Алматы қаласының прокуратурасымен бірге Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарын заңсыз өткізу арнасының жолын кесті.
«ҰҚК Шекара қызметі «Боран» арнайы бөлімшесін жұмылдыра отырып өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орталық Азия елдерінің бірінің жалған төлқұжатын ұсынған шетелдік азаматты 1,5 мың АҚШ доллары сомасындағы ақшаны алу кезінде ұстады.
Тінту барысында қазақстандық бірнеше ұйымның мөрлері, Ауғанстанның 20 төлқұжаты, туу туралы куәліктер мен ҚР азаматтығы мен елде тұруға ықтияр хат алуға, тіркелуге және елде болу мерзімін ұзартуға негіз болатын басқа да құжаттар алынды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек қылмыстық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы 1-бөлігі (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша тіркелді.
Ұсталған күдікті Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.