Талдықорғанда 20-ға жуық ұрлыққа қатысы бар күдікті ұсталды
Ер адам жәбірленушілерге 3 млн 700 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген
Полицейлер Талдықорғанда жеке үйлерден өзгенің мүлкін ұрлауды кәсіп қылған жергілікті тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылғы қазан айынан бастап облыс орталығы мен жақын орналасқан елдімекендерде жеке сектордағы бірқатар ұрлық деректері тіркелген. Қылмыс жасау тәсілі мен оқиға орнынан ортақ белгілердің бар екені анықталып, бір адам жасауы мүмкін деген болжам қарастырылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қалалық полицияның батыс бөлімшесінің жедел уәкілдері 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұрлықтың 18 дерегіне қатысы бар деген күдікпен ұстады.
«Тіркелген барлық ұрлық деректері үй иелері болмаған кезде, яғни күндізгі уақытта пластикалық терезелерді сығымдап ашу әдісімен жасалған. Күдікті зергерлік бұйымдарды, ақша, теледидар, ноутбук, телефон, сағат сияқты көптеген бағалы мүліктерді ұрлап келген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жәбірленушілерге 3 миллион 700 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген күдікті бүгінде уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.