Буффонның коронавирус туралы әзілі қытайлықтардың ашуын туғызды (видео)
Желі қолданушылары аты аңызға айналған қақпашыны «нәсілшіл» деп айыптаған
Италия құрамасының және «Ювентус» клубының қақпашысы, Әлем кубогының иегері Джанлуиджи Буффон азиялық жанкүйеріне коронавирус туралы әзілдеймін деп басы бәлеге қалды. Бұл туралы Football Italia порталы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қақпашы «Ювентус» пен «Миланның» 1:1 есебімен аяқталған кубоктық ойынынан кейін жанкүйерлеріне қолтаңба таратқан. Сол сәтте одан азиат келбетті жанкүйері де қолтаңба сұраған. Жігіт ұсынған дәптерге қолтаңба қойып жатып, футболшы:
«Мен сені бақылап жүрмін. Корона?.. Иә?.. Мәссаған, сен Уханьнан шығарсың?» – деп әзілдейді.
Оның сөзіне айналасындағылардың бәрі ду күледі. Артынша қақпашы әзілдеп тұрғанын көрсетіп әрі достық пейілін білдіріп, жігіттің басынан сипап өтеді.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары Буффонның әзіліне реніш білдіріп, голкипердің бұл әрекетіне «расизм» деп баға беріседі. Сондай-ақ, Италиядағы қытай қауымдастығының көптеген өкілдері COVID-2019 коронавирусы тарала бастағалы нәсілдік тұрғыдан көп қысым көріп жүргендерін айтқан.
14 ақпан күнгі дерекке сүйенсек, Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 64 мыңға жуықтаған, шамамен 1,4 мың науқас көз жұмған, 7 мыңға жуық адам сауығып кеткен. Сонымен қатар, медициналық мекемелердің 1,7 мыңға жуық қызметкері індет жұқтырған, олардың алтауы қайтыс болған.