Атыраудағы әйелдер колониясының басшысы қамауға алынды
Абақты бастығы мен бас есепшісі «Пара алу» бабымен күдікке ілінді
Атырауда әйелдер колониясының басшысы парамен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облыстық соты баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Пара алу» бабымен күдікке ілінген УГ-157/11 түзету мекемесінің бастығы мен бас есепшінің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен облыстық прокуратураның бірлескен тексеру қорытындысынан соң, аталған мекеменің басшысы, 39 жастағы Нұрзада Сағынғалиева мен бас есепшісі Мәдина Бисенова қарамағындағы қызметкерлерінің сыйақысы мен көтерме ақыларының тең жартысын өздері алып келгені анықталған. Сондай-ақ, бұл әрекеттерін бірнеше рет қайталаған. Қазір колонияны басқарған басшының өзі абақтыға жабылды.
Егер жасаған қылмыстары толық дәлелденсе, колонияның жоғары лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті УГ 157/11 мекемесінің басшысы мен бас есепшісіне қатысты 2 ай мерзімге күдікпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасуда», - деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.