$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.10.2022, 11:32
Оқиғалар

«Жүк тиеушілер ескерту алды»: Алматы әуежайы өкілдері желіде тараған видеоға пікір білдірді

Әуежай басшылығы жолаушылардың барлық өтініші ескерілетінін айтты

«Жүк тиеушілер ескерту алды»: Алматы әуежайы өкілдері желіде тараған видеоға пікір білдірді
Видеодан кадр

Алматы халықаралық әуежайының өкілдері желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, кінәлі қызметкерлердің жазаға тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алматы халықаралық әуежайы кез келген байланыс құралдары арқылы түскен жолаушылардың барлық өтінішін ескереді. Біз жөнелтілетін рейстердің бірінде дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанда жүкті (жолаушылар багажы емес) тиеу тәртібінің бұзылғанын растаймыз. Жүктерді өңдеумен айналысатын қызметкерлер тәртіптік ескертулер алды», - делінген әуежайдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Әуежай өкілдері мұндай қателікке жол бермес үшін әуежайдың барлық жүк тиеушісіне тиісті нұсқау беріліп, жүкті дұрыс сұрыптау бойынша жадынамалар таратылғанын атап өтті.

«Жүктеу процедураларының дұрыстығын тексеру үшін қосымша тексерулер жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеода жүк тиеушілердің жүкті ұшаққа дөрекі түрде тиеп, нақтырақ айтқанда, лақтырып жатқан сәті түсірілген. Аталған видео желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызған.

«Мұндай қызметкерлер тұрғанда, алыстан жау іздеудің қажеті жоқ», «Жүгімізге бәлкім, ішінде сынатын зат бар деп жазып қоярмыз», «Мына видеодан кейін қалай ұшаққа отырамыз?», «Ұшақтан түскенде әрдайым жүк шабаданымнан түрлі сызат пен сынық байқаймын, себебін енді түсіндім», - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Серіктес жаңалықтары