«Ойыншық тапаншамен қорқытқан»: Қарағандыда ер адам ойын клубынан 4 млн теңге тонап кетті
34 жастағы күдікті қамауға алынды
Қарағандыда ойыншық тапаншамен қорқытып, ойын клубынан 4 миллионға жуық ақша ұрлап кеткен күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Polisia.kz
30 қыркүйек күні сағат 12:00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына қаладағы ойын клубтарының бірінде қарақшылық шабуыл болғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлеріне клубтың қызметкері үнемі осы мекемеде ойын ойнап жүрген клиенттің бірі кенеттен тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ақша талап еткенін айтты.
Күдікті кассадағы 3,9 млн теңгені қолды қылып, оқиға орнынан ізін суытқан. 34 жастағы күдікті азамат анықталды. Ол сол мекемедегі ойын барысында қомақты қаржысынан ұтылып қалғанын, оның орнын толтыру мақсатында осындай іске барғаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Ол бұндай іске бару үшін ойыншық тапанша сатып алған. Күдіктіден айғақ зат тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабына (Қарақшылық) сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.