Павлодар облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, бес адам зардап шекті
Зардап шеккендер арасында бір жасар сәби де бар
Павлодар облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2 қазанда Шарбақты ауылынан 15 шақырым жерде тасжолда болған.
«103 желісіне көлік аударылып кеткені туралы хабарлама сағат 17.53-те түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем көлігі 10 минутта жетті. Өкінішке қарай, ер адам дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болып кеткен. Бес адам түрлі жарақатпен Аққулы аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», - деді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.
Оның айтуынша, аурухана қызметкерлерінен өтінімді күтпей, екі медициналық авиация бригадасы құрылған және зардап шеккендер аудан орталығына жіберілген.
«Политравма бригадасы мен педиатриялық бригада зардап шеккендерге мамандандырылған көмек көрсетіп, оларды Павлодар стационарларына емдеуге жеткізеді», - деді И. Мищенко.
Зардап шеккендер арасында 49 және 53 жастағы екі әйел, 40 жастағы ер адам, 19 жастағы жігіт және бір жасар қыз бар.