$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.09.2022, 14:09
Оқиғалар

Петропавлда құрылыс алаңындағы адам өлімі дерегі бойынша тергеу аяқталды

Қайғылы оқиға 31 тамыз күні тіркелген еді

Петропавлда құрылыс алаңындағы адам өлімі дерегі бойынша тергеу аяқталды
Фото: АиФ

Петропавлда құрылыс алаңында жұмысшылардың жаппай газдан улану фактісі бойынша тергеу аяқталды. Жұмыс берушінің адам өліміне айыпты емес екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек Azattyq Ruhy Петропавлда 20 жастағы жұмысшы құрылыс нысанында көз жұмғаны жөнінде жазған болатын. Қайғылы оқиға 31 тамыз күні тіркелген еді. Салынып жатқан Қазақ садзы-драма театрының жанындағы құдықтардың бірін тазалау кезінде белгісіз газдан 3 жұмысшы уланған. 20 жастағы жігіт сол жерде қайтыс болды. Қалған екеуі ауруханада емделіп шықты. Мән-жайды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Сарапшылар жұмыс беруші адам өліміне айыпты емес деген байламға келді. Өйткені тергеу барысында марқұмның театр құрылысын жүргізіп жатқан компанияда еңбек етпегені анықталған. Оны жұмысшылардың бірі көмекке шақырған болып шықты.

«Жұмысшыға құдықтың бетіне белгі салу тапсырылған. Сол сәтте құдықтың ішіне тас үйінділер құлаған. Біз ол кісіден жауап алдық. Ол кейін осы жұмыс өзіне тапсырылатынын біліп, құдықты тазаламақ болғанын айтты. Өйткені 1 қыркүйек күні астанаға жол жүруді жоспарлаған. Шаруаны тезірек аяқтау мақсатында екі танысын көмекке шақырған. Соңы осындай жағдаймен аяқталды. Қайтыс болған адам аталған компанияда жұмыс істемеген. Сондықтан бұл жағдайға жұмыс беруші кінәлі емес. Ал еңбек шартын бұзған жұмысшыны компания басшысы өзі жазалайды»,  - деді СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлнәр Мырзақанова.

2018 жылы басталған қазақ театрының құрылысы 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда «сақалды құрылыс» әлі күнге дейін жалғасуда. Ауданы 13 мың шаршы метрге жуық ғимаратты салуға бюджеттен 3 млрд 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген болатын.

Серіктес жаңалықтары