Петропавлда көлік қағып кеткен 21 жастағы жаяу жүргінші мерт болды
Полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр
Петропавлда көлік қаққан 21 жастағы жаяу жүргінші мерт болды, деп хабарлады Polisia.kz.
9 қыркүйекте шамамен сағат 21:30-да Қазақстан Конституциясы мен Парковая көшелерінің қиылысында Nissan Fuga автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағымен жолды кесіп өтіп бара жатқан 21 жастағы Петропавл тұрғынын қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші шұғыл медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді, сол жерде алған дене жарақаттарынан қайтыс болды.
Алынған медициналық қорытындыға сәйкес – жүргізуші сау. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Басталған сотқа дейінгі тергеу шеңберінде, полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Анықтаудың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.