Ақтөбеде анасы көшеде қалдырып кеткен бес айлық сәби оқиғасы: комиссия шешім шығарды
Егер әйел ескертуді бұзатын болса, ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін
Ақтөбеде баласын көшедегі орындықта қалдырып кеткен жас анаға қатаң ескерту жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия шешімі бойынша бес айлық баласын көшеде қалдырып кеткен әйелге қатаң ескерту жасалды.
«Егер әйел ескертуді бұзатын болса, оны ата-ана құқығынан айыруы мүмкін», - делінген комиссия шешімінде.
Еске салсақ, тамыз айында Ақтөбе қаласында полиция бөліміне тұрғындардың бірі анасы көшеде қалдырып кеткен бес айлық баланы алып келген. Бала 8 наурыз көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасындағы орындықта жылап жатқан. Куәгердің айтуынша, сәбидің анасы мас күйде белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Бір сағаттай уақыт өткен соң полицияға 25 жастағы анасы телефон шалып, баласының жоғалып кеткенін айтқан. Полицейлер анасын тауып, алкогольдік ішімдік ішкенін тексеріп, тұрмысы нашар отбасы ретінде есепке алды.
Тақырыпқа орай: Ақтөбеде әйел бес айлық нәрестесін түн ортасында сәкінің үстіне қалдырып кеткен
Инспекторлар әйелдің тәртібін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қарауға құжаттар жанақтаған болатын.