Ақтөбеде әйел бес айлық нәрестесін түн ортасында сәкінің үстіне қалдырып кеткен
Баланың әкесі туралы мәлімет жоқ
Ақтөбе қаласында ішімдікке сылқия тойып алған әйел нәрестесін көшедегі сәкі үстінде қалдырып кеткен. Баланы өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдар тауып алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 11 тамызда түнгі сағат 1:00 шамасында Ақтөбе қаласындағы №3 полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғын хабарласып, бес айлық бала көтеріп әкелген.
«Нәрестені тұрғын қаладағы 8-наурыз көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан тауып алған. Бала орындықта жылап жатқан. Баланы тауып алған келіншектің айтуынша, оның анасы орнынан тұрып белгісіз бағытқа кетіп қалған. Ал бала сәкіде жатқан күйі қалған», - делінген ПД хабарламасында.
Ювеналды полиция инспекторлары дереу жедел жәрдем шақырып, баланың денсаулығын тексеріп, сәбиді «Үміт» балалар үйіне орналастырды.
Арада бір сағатқа жуық уақыт өткен соң полицияға 1997 жылы туған анасы телефон шалып, баласының жоғалып кеткенін айтқан. Полицейлер анасын тауып, алкогольдік ішімдік ішкенін тіркеп, тұрмысы нашар отбасы ретінде есепке алды. Баланың әкесі туралы мәлімет жоқ.
«Алдағы уақытта инспекторлар әйелдің тәртібін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қарайды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бала қазір «Үміт» балалар үйінде. Баланы анасына қайта беру, бермеу мәселесін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия шешеді.