Пәкістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 1,2 мыңнан асты
Табиғат апаты 33 млн адамға зардабын тигізіп, 1 млн үйді зақымдаған

Пәкістандағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1,2 мыңнан асты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Пәкістанда маусым айының ортасынан бері жалғасып келе жатқан су тасқынынан кемінде 1208 адам қаза тауып, 6082 адам зардап шекті. Бұл туралы бейсенбі күні кешке жарияланған Төтенше жағдайларды басқару ұлттық басқармасының (NDMA) баяндамасында айтылған.
Пәкістанның денсаулық сақтау қызметі ең көп зардап шеккен аймақтарда түрлі аурудың өршіп, оның ішінде тері және ішек инфекциялары тарай бастағанын ескертеді.
Жалпы алғанда, осы жазда Пәкістанда болған су тасқыны 33 миллион адамға зардабын тигізді және 1 миллионға жуық үйді қиратып, зақымдады. Бастапқы есеп бойынша шығын 10 миллиард долларға жеткен.
Пәкістанға халықаралық түрде көмек беру жалғасып жатыр. Жұмаға қараған түні БАӘ-ден гуманитарлық көмек жеткізген тоғызыншы ұшақ келді.
Бұған дейін Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф елде соңғы онжылдықта алғаш рет толассыз нөсер жауын салдарынан болған алапат су тасқыны болып жатқанын айтқан еді. Оның айтуынша, «жаңбырдан келген мұндай орасан шығын соңғы 30 жылда болып көрмеген».
Пәкістан билігінің мәліметінше, қазіргі су тасқыны туындатып отырған ахуал 1,7 мың адам қаза тапқан 2010 жылмен салыстырғанда күрделірек болып отыр.