$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2022, 11:09
Оқиғалар

Асырап алған ата-анасынан қорлық көрген жетім балалар оқиғасының мән-жайы айтылды

Ерлі-зайыптылардың озбыр әрекетін таспаға түсіріп әлеуметтік желіге таратқан көршілері екен

 

Алматы облысында таңнан кешке дейін қара жұмысқа жегіліп, өгей әке-шешеден теперіш көрген ұл-қыздар балалар үйіне уақытша орналастырылды. Құзырлы орындар көршілердің шақыртуымен келіпті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тіпті жетім балаларды қамқорлығына алғандар араққа сылқия тойып алып, жеткіншектерге күн көрсетпейді дейді көршілері. Осы жайтқа қатысты іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр. Ал арнайы құрылған комиссия осы отбасыға балаларды қайтадан қамқорлыққа беру немесе сол құқықтан айыру мәселесін қарастыруда.

Асырап алған балаларын ұрып-соққан ата-ананың видеосы 27 тамызда түсірілген. Ерлі-зайыптылардың озбыр әрекетін таспаға түсіріп әлеуметтік желіге таратқан көршілері екен. Гүлсара әжей жетім балалардың құлындаған даусы  шыққанда өзімді қоярға жер таппадым деп отыр. Оның айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ата-ана өгей балаларын жиі тоқпақтап, құлша жұмсайтын көрінеді.

«Шындығында, ол видеодан ары болып жатады. Ұрып-соғады. Есігін құлпылап қояды. Балалар шыға алмай қалады. Таяқпен ұрады. Кірпіш лақтырады. Тебеді. Басынан ұрады. Соғады. Олардың барлығын көрдік. Бірақ видеоға түсірмедік. Арақ ішкен күндері балаларды қудалайды. Бізді тыңдамайды», - дейді көршісі, Байсерке ауылының тұрғыны Гүлсара Исанбетова.

Ескертуді елемейтін отбасы қамқорлығына алған төрт баланы қара жұмысқа да жегіп, күн көрсетпейді дейді Байсерке ауылының тұрғындары.

«Біз өткен жылы тиісті органға хабарлағанбыз. Сол уақытта бұл отбасы үйінің ауласындағы монша мен сарайды осы кішкентай балаларға салдыртқан. Он жастан асқан ұлдардың 17 келілік кірпіш тасып жүргенін көргенде жүрегім ауырған. Бірақ білім бөлімдегілер ешқандай шара қолданған жоқ», - дейді тағы бір көршісі Қахрамон Исанбетов. 

Тақырыпқа орай: Желіде жетім балаларды ұрып-соғып, жұмысқа жеккен ерлі-зайыптының видеосы тарады

Зура Өмірзақова 18-ге енді толған ұлына ара-тұра қол көтеретінін жасырмайды. Ал асырап алған өзге ұл-қызыма қол ұшымды тигізбеймін деп ант-су ішті.   

«Ұрлық жасағаннан кейін, өтірік айтқаннан кейін ақылымды айтқам. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Тіл алмаған соң, ұрдым. Дауыс көтеретін шығармын. Бірақ балағаттамаймын. Мен дұрыс тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын», - дейді Зура Өмірзақова.  

Еске салсақ, осыдан бес жыл бұрын Зура Өмірзақованың күйеуі өзі мен екі бірдей баласын тірідей өртеп, барлығы көз жұмған еді. Бірақ бұл қайғылы жағдайдан аудандық білім бөлімдегілер бейхабар. Олар полициямен бірге сол үйге барып, көздері жәутеңдеген балаларды алып кеткенін жеткізді. Ал жетім балаларды бауырына басуға ниет білдірген отбасыны егжей-тегжейлі тексереміз дейді мамандар. Тіпті бала асырап алатын ата-аналар арнайы психологиялық даярлықтан да өтеді екен.

Серіктес жаңалықтары