$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарлық тұрғын өртке оранған көлік ішінде ес-түссіз жатқан 4 адамды құтқарды

Оқиға 26 тамызда Павлодар-Шарбақты тасжолында болған

Павлодарда ер адам жанып жатқан көлік ішінде ес-түссіз жатқан 4 адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Белгілі блогер Александар Цойдың әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның 26 тамызда Павлодар-Шарбақты тасжолында, Маралды ауылының маңында болғанын жазды.

Белгілі болғандай, жеңіл көлік КамАЗ көлігінің тіркемесіне соғылып, соның салдарынан көлік бірден отқа оранып кеткен. Өртенген көліктегі 4 адам есінен танып жатқанын Маралды ауылының тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев кездейсоқ көріп қалған.

«Сол күні кешке жұмыстан қайтып келе жатқан бетім еді. Жолда көлік апаты болғанын байқадым. Бір шетте КамАЗ көлігі тұрды, ал одан сәл ары қарай «Ауди» көлігі өртеніп жатты. Мен дереу тоқтап, өртеніп жатқан көлікке тұра жүгірдім. Көлік өртке оранып үлгеріпті. Қарасам, ішінде адамдар жатыр екен. Жақындамақ болдым, алайда қызыл жалын бетті қарып, жақындатар емес. Сәл арыда басқа жүргізушілер жақындауға қорқып, қарап тұрды», - деп Еркебұлан Жүзбаев оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Ол адамдарды дереу құтқармаса, көлік кез келген уақытта жарылуы мүмкін екенін түсінеді.

«Қолымды футболкама орап алдым, әйткені ыстық металды ұстау мүмкін болмады. Есікті тартып көріп едім, ашыла кетті. Алдымен бір адамды сүйреп шығардым. Оны әрменірек апарып тастаған соң екіншісіне жүгірдім. Бұл кезде жалын одан да үдей түскен еді. Екінші жолаушыны да сүйрей бастаған едім, маған куәгерлердің бірі жүгіріп келіп көмектесе бастады. Біз бет қаритын жалынмен арпалысып жүріп тағы екі адамды шығарып үлгергеніміз сол еді, артынша көлік жарылып кетті», - дейді Е. Жүзбаев.

Еркебұлан өзіне көмектескен адамның кім екенін білмейтінін, тек оның өзі қатарлас жігіт екенін айтады.

«Егер ол болмаса, мен бәрін құтқарып қала алмас едім, өйткені қатты от пен қою түтіннен көлікке жақындау оңай болған жоқ. Жедел жәрдем келген соң мен кетіп қалдым. Көлікте қолымды күйдіріп алғанымды көрдім. Бірақ менің жарақатым ештеңе емес, ең бастысы, адамдар тірі», - дейді ержүрек тұрғын.

Қазіргі уақытта жол апатынан зардап шеккендер ауруханада жатыр. Үшеуінің жағдайы ауыр болғанымен, дәрігерлер олар оңалып кетеді деп үміттенеді. Дәрігерлер олардың Еркебұлан мен оған көмектескен ер адамның батыл әрекетінің арқасында аман қалғанын айтады.

Еркебұлан Жүзбаев 42 жаста. Маралды стансасында теміржолшы болып жұмыс істейді.

Құтқарылған адамдардың туыстарының айтуынша, олар сол күні болған тойға асығып бара жатқан.

Серіктес жаңалықтары