Министр Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланбағанын айтты
Бүгін журналистер Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтан Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылындағы жаппай төбелестің себебін сұрады.
«Ондай нұсқа бар. Бұл тұрмыстық жанжал. Бірақ нақты қандай тұрмыстық жанжал екенін нақты айта алмаймын», - деп жауап берді ол «Жанжалға 82 жасар кісінің жарақат алуы себеп болды ма?» деген сауалға.
Ал бір үлкен кісіні балтамен шауып өлтірді деген әңгімені министр жоққа шығарды.
«Шалды балтамен шапты деген өтірік. Ал зардап шеккендер бар деген ақпарат рас. Тұрмыстық жанжал екені де шын, - деді Д. Абаев бұған қатысты.
Бүгін Үкімет жанынан құрылған комиссияның құрамында Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері де бар екен. Жарақат алған азаматтардың жағдайы туралы солар ақпарат бермек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі қайтыс болғандар санының көбеюі «әрқашан мүмкін» деген пікір білдірді.
Оның сөзінше, қазір Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланбаған. Бірақ құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Айта кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.
8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Ал Бас прокуратура арандатушылыққа жол бергендердің жазаланатынын мәлімдеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан