Успен ауданында әкесінің қызметтік көлігін айдап кеткен мас жігіт ұсталды
Сот құқық бұзушыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды
Успен ауданында әкесінің қызметтік көлігін айдап кеткен мас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 04:19 шамасында тәртіп сақшылары Ольгино ауылында мас күйінде болған 24 жастағы жігіт тізгіндеген автокөлікті тоқтатты.
«Темір тұлпар ауданның мемлекеттік ұйымдарының біріне тиесілі екені анықталды. Сонымен қатар, құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды», - дейді Успен ауданы Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Ашренов.
Полициямен әңгіме барысында ер адам түнде үйдің ауласында әкесі тұраққа қойған көлікті сұрамай алғанын, әкесі ауданның мемлекеттік мекемелерінің бірінде жұмыс істейтінін және бұл автомобиль қызметтік болып табылатынын айтқан.
Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБК 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот құқық бұзушыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Көлік айып тұрағына қойылды