Жыл басынан бері 4,5 тонна есірткі тәркіленді – ІІМ
Есірткі заттарын заңсыз жарнамалау немесе насихаттау бойынша 76 сотқа дейінгі іс тіркелген

Жыл басынан бері елімізде шамамен мың жарым есірткі қылмысы тіркелді. Оның ішінде 874-і өткізу-саудалау фактісі болса, 227 дерек аса ірі көлемде есірткіні сақтаумен байланысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жарты жыл ішінде ел аумағында 4,5 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 2,2 тонна марихуана, 400 келіден астам гашиш және 87 келі синтетикалық есірткі бар.
«Жыл басынан есірткі заттарын заңсыз жарнамалау немесе насихаттау бойынша 76 сотқа дейінгі іс тіркелген. Оларды интернет арқылы өткізу бойынша 153 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында есірткімен психотроптық заттардың таралуына қатысы бар 1600-ден астам веб-сайттар, аккаунттар және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды», - ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов.