Алматы қалалық сотының ғимараты қоршауға алынып, судьялар эвакуацияланды
Аталған оқиғаға байланысты Полиция департаменті түсініктеме берді
Алматы қалалық сотының ғимаратынан қызметкерлер эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасынның хабарлауынша, сот кеңсесінің электрондық поштасына түрлі қоқан-лоққыға толы хабарлама түскен.
«Бүгін Алматы қалалық соты кіріс кеңсесінің поштасына түрлі сипаттағы қоқан-лоққы жазылған хабарлама келіп түсті. Осыған байланысты қазіргі уақытта сот ғимараты тексеріліп жатыр. Сондықтан, сот процестері кейінге шегерілді», - деп жазды Абай Жарылқасын әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі кезде ғимарат қоршауға алынып, судьялар мен сот қызметкерлері эвакуацияланды.
Аталған оқиғаға байланысты қалалық полиция департаменті түсініктеме беріп, ғимаратта саперлер бөлімшесінің қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
«Қалалық соттың әкімшілік ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті. Алғашқы әрекет ету шаралары аясында аталған мекенжайға төтенше жағдайлар қызметі тартылып, сот қызметкерлері мен келушілер эвакуацияланды.
Патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қауіпсіз қашыққа шығару жұмыстарын жүргізді. Қазір ғимаратта сапер бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланады», - деді Алматы қалалық полиция департаментінен.