Түркістан облысында әкім орынбасары жасөспірім қызды зорлықшыдан құтқарып қалған
Оқиға Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта болған
Түркістан облысында 13 жастағы қызды зорламақ болған ер адамды ұстап алған ауыл әкімінің орынбасарына полицейлер алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта болған.
«Жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Қайтар сәтте жас қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалады. Сол кезде жалғыз үйіне қайтып бара жатқан қызға аяқасты пайда болған белгісіз еркек тарпа бас салып, шашынан тартып, шетке қарай сүйрей жөнелген. Онымен қоймай бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатқан. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асығады. Сол сәтте олардың арпалысын әйелімен бірге өтіп бара жатқан тұрғын байқап, бірден көмекке ұмтылады. Күдіктіге «Не істеп жатырсың?» деп айғайлаған сәтте ол қаша жөнеледі», -делінген ПД хабарламасында.
Қыз балаға араша түскен ер адам оны ұрып-соққанын ести сала, бір сәтке ойланбастан, қашқан күдіктінің соңынан қуа жөнеледі. 100 метрдей жерге қашып үлгерген күдіктіні қуып жетіп, оны полицияға тапсырады.
Белгілі болғандай, қызды зорламақ болған ер адамнан құтқарып, көмек қолын созған Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы болып шықты.
Полиция қызметкерлері оған қылмыстың алдын алғаны үшін алғыс айтты.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.