Автобуста бұрынғы әйелін пышақтап өлтірмек болған адам жазадан сытылып кетуі мүмкін бе?
Сот шешімі бойынша ол небәрі 15 тәулікке қамауға алынған
Бірнеше рет пышақ сұғып үлгерген күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни» адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Егер осы бап бойынша қылмысы дәлелденсе, 8 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеудің әзірге тек «бұзақылық» бабы бойынша тіркелгенін хабарлап отыр.
«ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі: Атыс қаруын, газды қаруды, пышақты, кастетты және басқа да қырлы қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген өзге де заттарды қолданып немесе қолдануға оқталумен жасалған «бұзақылық бабы» бойынша тіркелді. Кешенді тергеу шаралары жүргізілуде. Прокуратурамен келісе отырып, күдікті тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық іс аясында уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал заңгер Жанділдә Әжіғалиұлы тіркелген қылмыстық іс «бұзақылық» бабы бойынша басталғанымен, оның қандай баппен аяқталатыны белгісіз дейді.
«Бұл тек істі қозғауға қолданылған бап. Себебі ашықтан ашық қоғамдық көлікте бұзақылық көрсетті. Әрі қарай оның ойы, мінездемесі, бұрын-соңды жасаған әрекеттері, сотталған-сотталмағаны ескеріледі. Өлтіру деген пиғылы әу баста болса, онда жауапкершілік күрделенеді. Ол кезде «адам өлтіруге оқталғаны» бойынша жазаға тартылады. Яғни, бір бап бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бұл тергеудің қорытындысы шығып, іс материалдары сотқа жолданады. Сол кезде сотта бөлек, тергеу басталады. Осылайша қосымша сараптама тағайындап, куәгерлерден жауап алынады. Яғни тергеу екі рет болады. Қазақстандағы модель бойынша бір тергеумен бәрі аяқталмайды», - деді Халықаралық құқық қорғау орталығының Президенті Жанділдә Әжіғалиұлы.
Жәбірленуші Ұлтуар Мұхашева бүгін тергеушілердің өзінен жауап алатынын, ертең ашық сұхбат беруге шығатынын мәлімдеді. Ол бұрынғы күйеуінің ісі 99-бап бойынша қозғалуын талап ететінін айтты.
Еске салайық, өткен аптада ер адам қоғамдық көлікте бұрынғы әйеліне пышақтап өлтіруге ұмтылмақ болған. Бастапқыда сот шешімі бойынша оның небәрі 15 тәулікке қамауға алынғаны жұртшылықтың наразылығын тудырған.