Алматыда ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасады
Оқиға автобустардың бірінде болды
Алматы қаласында ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«НеМолчи.kz» қоғамдық қорының мәліметі бойынша оқиға Алматы қаласындағы автобустардың бірінде болған. Екі баласы бар 27 жастағы әйел адамға бұрынғы күйеуі пышақпен шабуыл жасаған.
Қор жариялаған кадрларға қарағанда, олар бастапқыда екеуара әңгімелесіп тұрған. Осыдан кейін ер адамның бұрынғы әйеліне қол көтергенін, артынша қолында пышақ тәрізді зат барын байқауға болады. Осы уақытта жолаушылардың бірі оны тоқтатуға көмектесті.
Алматы қаласының Полиция департаменті бұл оқиғаны Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелгенін хабарлады.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде, олардың нәтижесіне сәйкес, қылмыстық іс бойынша біліктілік беріліп, түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.