Қарағандыда автобус жүргізушісі қағып кеткен әйел ес жимастан көз жұмды
Марқұмның туыстары қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты петиция жинамақ
Қарағандыда жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен 118 -ші автобустың жүргізушісі телефонмен сөйлесіп келе жатып, бағдаршамның қызыл түсін байқамаған. Осылай деген марқұмның туыстары автобус жүргізушісін қатаң жазалауды сұрайды. Бұған дейін хәл үстінде жатқан науқас ауруханада жан тапсырды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Бағдаршамның жасыл түсінде өтпек болған Камила Калединаны 118-ші автобус қағып кеткен. Қоғамдық көліктің жылдамдығы қатты болғандықтан соққы да ауыр тиген. Бас миы ісініп, қаншама жарақат алған 62 жастағы әйел бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, ақыры ес жимастан өмірден озды. Марқұмның туыстары автобус жүргізушісін қатаң жазаға тартуды сұрайды. Олардың айтуынша, жылдамдықты асырғанымен қоймай, телефонмен сөйлескен. Аузында шемішке, құлағында «наушник» болған жүргізуші жолаушылардың ескертуін қаперіне де ілмеген деп отыр.
«Автобуста болған кісілердің біреуінің айтуынша, шемішке шағып, телефонмен сөйлесіп келе жатқан. Сосын бір аялдамаға тоқтап, энергетикалық сусын ішкен. Ертең осындай жағдай қайталанбас үшін, мынандай шопырларды жазаға тарту керек», - дейді Марқұмның туысы Айхан Кәрсенбаев.
«Куәгер бізге сол 29 қаңтар күні жүргізуші өзін өте дөрекі ұстағанын айтты. «Ақырындау жүріңіз» дегенге құлақ аспай, телефонмен сөйлесіп отырған. Әпкемнің жасыл жанғанда жолдан өтпек болғаны анық, біз жүргізушіні қатаң жазалауды талап етеміз. Ол бұрын қарақшылық, тонау қылмысы үшін сотталғанын анықтадық. Тым болмаса адамгершілік танытып кешірім де сұрамады», - дейді Марқұмның сіңлісі Тоғжан Ахметқалиева.
29 жастағы автобус жүргізушісінің бұрын сотталғанына қатысты ақпарат ала алмадық. 3-ші автопарк басшылығы да жұмыскері туралы қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Ал бұған дейін бостандықта болған айыпталушы кеше жапа шегуші қайтыс болған соң қамауға алынған.
«Аталған жол көлік оқиғасы бойынша автобус жүргізушісі ҚР ҚК 345 бабы, 3- бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.
Қарағандыда автобус жүргізушілерінің қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар көбейген. Осы қыста олардың кесірінен 40 шақты жаяу жүргінші жарақаттанып, мүгедек болып қалса, 2 адам көз жұмған. Ал Камила Калединаның туыстары қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты петиция жинамақ.