Елордада әлеуметтік желі арқылы есіткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыпты анықталды
Дүкен иесі синтетикалық есірткіні тығып кету кезінде ұсталды

Нұр-Сұлтан қаласы полицейлер Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы есірткі саудасымен айналысқан отбасылық жұпты ұстады. Олар қала аумағында аса ірі мөлшерде есірткі сатқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, интернет-дүкен әлеуметтік желілерді бақылау кезінде полицейлердің назарында болған. Сайт әкімшісінің жеке басын анықтағаннан кейін есірткіні жеткізушілермен және кепілгерлермен барлық мүмкін байланыстарды орнату үшін оны бақылау ұйымдастырылды. Ұстау бірден екі мекенжай бойынша жүргізілді. Дүкен иесі синтетикалық есірткіні тығып кету кезінде ұсталды. Сондай-ақ, оның автокөлігінен сатуға дайындалған мефедрон салынған 60 түйірі табылды. Конспирацияға арналған есірткі қаңылтыр сыра банкісінде жасырылған.
Сонымен қатар, пәтерде есірткі саудасымен айналысатын тағы бір адам ұсталды, ол сайт әкімшісі ретінде есірткіні таратуға қатысқан. Тұрғылықты жерін тінту кезінде мефедронның тағы 157 мөлшері, есірткі салынған пластикалық науалар, сондай-ақ каннабис шайыры бар 886 желатин капсулалары тәркіленді. Заттай дәлелдемелерге сол жерден табылған электрондық таразылар, буып-түю ыдыстары, өлшеу қасықтары, есірткіні өлшеп-орау үшін қажеттінің бәрі қоса тігілген.
«Ерлі-зайыптылардан 3 келіден астам синтетикалық мефедрон препараты және 260 грамм каннабис шайыры тәркіленді. Қазір қылмыскерлердің елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы бар адамдармен байланысы пысықталуда. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаза мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген хабарламада.