Алматыда құрылыс алаңындағы жұмысшы өлімі: тұрғындар не дейді

Azattyq Rýhy

 Алматыда құрылыс алаңында кран құлап, бір жұмысшы қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған болатын. Жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарының нәтижесінде бұл қайғылы оқиғаға кімнің кінәлі екені анықталмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Жазатайым оқиға құрылыс кранын бөлшектеп, қайта жинау жұмыстары кезінде болған. Алдын ала болжам бойынша, қызметкерлер қауіпсіздік техникасын сақтамаған. Ал жергілікті тұрғындар  әу бастан бұл   құрылысқа қарсы болғанын айтады.

«Үйге күн түспейді, алаң немесе саябақ, балалар ойнайтын жер жоқ. Қарсы болмағанда қайтеміз? Өздері қарап, білмей ме енді? Осындай жерге құрылысқа рұсқат бере ме?!» - деп күйінеді Алматы қаласының тұрғыны Гүлнәр Келмұрзанова.

Тұрғындардың наразылығын ескерген қала құрылысын бақылау басқармасы сәулет-жоспарлау тапсырмасын кері қайтарып, «Жетісу-2» тұрғын үй кешенінің құрылысын биыл мамыр айында тоқтатқан. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, дәл қазір оқыс оқиғаның толық мән-жайы анықталуда және арнайы экспертиза тағайындалмақ.

«2006-2007 жылғы барлық құжаттарға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құжаттар алынып басталған. 2020 жылы құрылыстың тоқтап қалуына байланысты жаңа меншік иесі сатып алған. Кейін көршілерден арыз келуіне байланысты жұмыс тоқтатылды. Қазір жоба меншік иесімен қайта қарастырылуда», - деді Алматы қалалық Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.