Алматы әуежайында полицейлер мас адамдардың төбелесін оқ атып тоқтатты
Бұрын сотты болған азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге тап берген

Алматы әуежайының автотұрағында полицейлер мас адамдардың төбелесін оқ атып тоқтатуға мәжбүр болды. Бұзақылардың бірі тәртіп сақшысына бөтелкенің сынығымен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қалалық полиция департаменті мәлім еткендей, түнгі сағат 1.00 шамасында халықаралық әуежай аумағындағы туристік полиция бекетіне ер адам келіп, көлік тұрағында төбелес болып жатқанын хабарлаған.
Белгілі болғандай, мас үш ер адамның төбелесіп жатқан, оларды ажыратпақ болған полиция қызметкерлеріне олар агрессиямен жауап берген. Тіпті бұрын сотты болған, 1994 жылы туған М. есімді азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге тап берген.
«Ауыр қылмыстың жолын кескен тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оғын атты. Артынша төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары болып шықты. Олардың екеуі бұрын адам тонағаны және бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін сотты болған», — деді ПД өкілдері.
Сотталушылардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабымен сараланып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаментіндегілер қызметтік қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.