$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шыдай тұр»: Алматыда BI Group компаниясы салған үйдің лифтінде ер адам 1,5 сағат бойы қамалып, есінен танып қалған

Ол компанияның жауапқа тартылуын талап етеді

«Шыдай тұр»: Алматыда BI Group компаниясы салған үйдің лифтінде ер адам 1,5 сағат бойы қамалып, есінен танып қалған
Фотоколлаж

Алматыдағы «Central Avenue» тұрғын үй кешенінің лифтіне қамалып қалған Ерлан Әліпов темір қорап ішінен 1,5 сағат шыға алмай, ақыры есінен танып қалған. Техникалық ақауға осы үйді салған құрылыс компаниясы, яғни «BI Group» компаниясы кінәлі дейді ол. Өйткені, компания өкілдері адамның демігіп қиналып жатқанын көре тұра құтқарушыларды шақырмапты. Қазір Ерлан Әліпов әліге дейін ем қабылдап жатыр.

«27 маусым күні «Central Avenue» тұрғын үй кешенінің 8 блогында орналасқан үйдің 15 қабатындағы 45-пәтердің жөндеу жұмыстарын аяқтадым. Сағат 16:00-де лифті шақырдым. 4-қабатқа келгенде лифт тоқтап қалды да, артынша жарық сөніп қалды. Диспетчерді шақыратын нүктені бастым, мамандар менің қай қабатта тұрып қалғанымды сұрады. Бірақ мен нақты білмейтінімді айттым. Содан кейін байланыс үзілді. 15 минуттан кейін диспетчерді шақыратын кнопканы қайта бастым, бірақ ол кезде бұл функция істен шықан екен. Амалым таусылған соң, лифтінің қабырғасын ұрып, айқайлап көмекке шақыра бастадым. Шамамен 20 минуттан кейін жоғарыдан бір адам: «Осындасыз ба?» деді де, кетіп қалды. Сәлден соң олар менің екінші мен төртінші қабаттың ортасында тұрғанымды айтты. Олар «шыдаңыз, лифтіні төменге қолмен түсіруге тырысамыз» деп айтты да тағы жоқ болып кетті», - дейді Ерлан Әліпов.

Десе де, компания мамандары жарты сағаттан кейін Ерлан Әліповке қайта келіп, автоматты жұмыс істейтін лифтіні қолмен төменге түсіруге мүмкіндіктің жоқ екенін хабарлаған. Шығарудың басқа жолын іздейтіндерін айтып, тағы да кетіп қалған.

«Бұл кезде әлсіреп, басым айналып кетті. Жарықты қосып, маған су берулерін өтіндім. Бірақ олар тағы да сабыр сақтауымды сұрады да жоқ болып кетті. Ауа жетпегендіктен құлағым шыңылдап, басым айналып, тынысым тарылып, аяғымда да әл қалмай қалтырай бастадым. Біраз уақыттан кейін лифтінің шатырына бір адам шығып, люкті ашпақшы болды, бірақ ол да аша аламады. Кейіннен лифтінің шатырында тұрып, есікті ашпақшы болды, шамамен 10-20 см ашты. Бұл кезде мен жартылай ес-түссіз жатыр едім. Тек ыммен маған су беруін сұрадым, өйкені сөйлеуге мүлдем шамам келмеді. Маған көмекке келген адам дереу жедел жәрдем шақыру керек деп айқайлап жатты. Лифтінің люгі ашылмаған соң, қабырғаларын бұзуға тура келді. Осы сәте бір бөтелке суды маған лақтырып жібергендерін білемін. Бір ұрттам жасадым да, есімнен толық танып қалдым. Есімді тек 2-ші қабаттағы дәлізге шығарғанда бірақ жинаппын. Көзімді ашсам, айналамда 6 адам тұр. Олардың ішінде компанияның учаскелік жетекшісі Мұрат пен тұрғын үй кешенінің менеджері Дәлел деген азаматты ғана таныдым. Жедел жәрдем қызметкерлері қан қысымымның 200-ден асып кеткенін айтты. Дереу екпе салып, дәрі берді. Бірақ электрокардиограмма жасай алмады, өйткені тұрғын үй кешенінде жарық болмады. 40 минуттан кейін далаға алып шықты. Тағы да бір дәрі берген соң, аздап өзіме келе бастадым», - деді зардап шегуші Ерлан Әліпов.

Ол дәрінің күшімен аяққа тұрған. Алайда, бірнеше сағаттан кейін жағдайы тағы нашарлап, ауруханаға жатуға тура келген. Күтпеген жерден өміріне қауіп төнген тұрғын елге танымал құрылыс компаниясының моральдық өтемақы талап етіп отыр.

«1,5 сағат қабірде жатқандай күй кештім. Мұның бәріне мен «BI Group» компаниясын кінәлаймын. Қай заңды ашып қараса да, заң менің жағымда. Оған толық дәлелім бар. Компания басшылары жауапкершіліктен қашып, құтқарушыларды да, полицияны да шақырмаған. Менің өміріммен ойнаған «BI Group» компаниясы маған моральдық шығын ретінде 3 миллион теңге төлеуін талап етемін. Қан қысымым 200-ден асып кетіпті. Қатты терлеп, жүрек қағысым жиілейтін болды. Дәрігерлер мұны ауаның қажетті мөлшерде жетіспеуінен деп түсіндірді. Мені қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Бірнеше екпе салып, жасанды оттегі беретін аппараты қосқаннан кейін жағдайым реттеле бастады. Әлі күнге дейін дәрігердің бақылауындамын, ем-дом шаралары жалғасып жатыр, қосымша анализдерді тапсырып жатырмын», - дейді шағымданушы.

52 жастағы азамат қазір жұмыссыз. Оның кәмелетке толмаған үш баласы бар. Лифт тұрмақ, жабық нысандарға кіруге үрейлейніп қалғанын айтады.

Құрылыс компаниясына хабарласып, мәселенің мән жайын анықтадық. Олар бұл оқиғаға техникалық ақау себеп болды дегенді ғана айтты.

«Бірінші кезекте Ерлан Нұрғазыұлына тезірек сауығып кетуін тілейміз. Central Avenue тұрғын үй кешенінің жобасы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес орындалған, мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы бар. Үшінші қабат тұрғын жай ретінде жоспарланбаған, сондықтан мұнда лифт тоқтамайды, нормативтерге де толық сай келеді. ТК-де қауіпсіздіктің барлық өлшем шарттары бойынша танымал OTIS брендінің лифтілері орнатылған. Лифт жабдығына сервистік қызмет көрсетуді «Lift Engineering» ЖШС компаниясы жүзеге асырады. Бұл компанияның авариялық қызметі оқиға орнына келді. Электромеханиктер бірден лифт кабинасының төбесіне көтеріліп, ауа айналымын үзбес үшін люк пен есікті 10-15 см-ге ашты. Көп ұзамай екінші жедел көлік те жетті. Электромеханиктер зардап шекен адамды сумен қамтамасыз етті.

27.06.2022ж. электр желісіне бірнеше рет шамадан тыс жүктеме түсуіне байланысты лифттің машиналық бөлімінің сақтандырғыштары жанып кеткен. Осы себепті лифт кабинасында болған адамды эвакуациялау қиын болды.

Аталған оқиға бойынша барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр», - деді «BI Group» компаниясының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #лифт #Bi group