Оралда егде жастағы әйелді көлік қағып өлтірді
Оқиға 20 шілдеде сағат 19:40-та болған

Оралда жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтпек болған әйелді көлік қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Оқиға 20 шілдеде сағат 19:40-та «Экспресс» дүкені маңында, Карбышев көшесінде болған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ВАЗ-210740 көлігінің 34 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан қарт әйелді қағып кеткен. 72 жастағы жәбірленуші жедел жәрдем көлігімен оқиға орнынан ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақатынан көз жұмды.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша жүргізуші мас болмаған. Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Полиция департаменті жүргізушілерге және басқа да жол қозғалысына қатысушыларға жолда мұқият болуды, жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдіктерін пайдалануды ұмытпаңыз.